Спорт

Сенімді жеңісті 8 мың жанкүйер тамашалады

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 2:0

Өз жанкүйерлеріне «Ақтөбе» командасы қай уақытта да дән риза. Бұл жолы да солай болды. Сәрсенбі күні өткен 25-тур ойындарын еліміздің стадиондарында 19 600 адам тамашаласа, тура өткен турдағыдай бұл күні де Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионға 8000 жанкүйер жиналды. Және олар жерлес футболшыларымызға әбден риза болып тарасты.

Ал кездесу, күткеніміздей-ақ, «Ақтөбенің» шабуылдарымен басталды. Тіпті алғашқы 10-15 минут ішінде жерлестеріміз есеп ашып кетудің сәл алдында жүрді. Әттең, Ұлан Қонысбаевтың жолын екі рет павлодарлық қорғаушылар кессе, бір сәтті мүмкіндікті Силва Рейналдо пайдалана алмай қалды. Әрине, «Ертіс» футболшылары да жанталаса қимылдап жатты. Дегенмен стадион толы жанкүйерлердің ұрандата қолдауынан қуат алған біздің футболшыларымыз алаңның қарсыластар жақтағы бөлігінен шықпай қойды. Сондай сәттердің бірінде, 24-минутта Илья Калинин біздің бөлікке қарай аттандыруға тырысқан допты Ұлан Қонысбаев әлдебір шалт қимылмен қағып түсті де, доп Маркос Пиззеллиге келе қалды. Кәнігі мерген асып-сасқан жоқ, допты ыңғайына келтіріп алды да, қақпа жақты бетке алып сол аяғымен әуелете жойқын соққы жасады. Мұндай соққыны күтпеген қарсыластар қақпашысы Никита Калмыков кенеттен атыла ұмтылғанымен, кеш қалды, доп оған соқпай, қақпаның сол жақ жоғары бұрышына зып етіп кірді де кетті — 1:0.

Бұдан соң, обалына не керек, қонақтар да қарап қалған жоқ. Тіпті Родриго біздің қақпашымен бетпе-бет келіп, бұл ретте Игорь Трофимец нағыз шеберлік танытты. Оның үстіне қорғаушыларымыз да сақтықты жоғалтқан жоқ. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда да біздің футболшыларымыздың басымдылығы айқын көзге ұрып тұрды. Қарсыластар қақпасы қайта-қайта нысанаға ілігіп, тіпті бір допты павлодарлық қорғаушы дәл сызықтың үстінен әзер қайтарып үлгерді. Сөйтіп жүріп қонақтар шабуылдауды да ұмытпады. Бірақ олардың бұл әрекеттері жерлестеріміздің тарапынан қарсы шабуылдарға тап болып отырды. Сондай сәттердің бірінде, 66-минутта қонақтардың кезекті шабуылын тойтарған шақта, алаңның ортасында жүрген Бағдат Қайыров қарсыластар қақпасын бетке алған Жамбыл Көкеевке дәл пас тастады. Пасты іліп әкетіп ілгері тартқан Жамбыл кенттен сәл іркілді де допты сол қанаттан желдей есіп келе жатқан Силва Рейналдоға сырғытып жіберді. Шабуылшымыз еш ойланбастан қақырата тепті де, павлодарлық қақпашы түк те қайран жасай алмай қалды — 2:0.

Бұдан соң алаңдағы тартыс тіпті күшейіп кетті. «Ертіс» футболшылары жан сала қимылдауға көшті. Қақпамызға тура келген бір допты Игорь Трофимец қақшып түссе, павлодарлық футболшы өз айып алаңында сасқалақтай қимылдап, өз қақпасына өзі гол соғып ала жаздады. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. «Ақтөбе» жеңді, Маркос Пиззелли мергендік көрсеткішін тағы да бір допқа ұлғайтты.

Осылайша біріншіден, Павлодарда 1:2 есебімен ұтылуға мәжбүр еткен «Ертістен» есе қайырдық, екіншіден, Еурокубок ойындарына жолдама әперетін аймаққа жақындай түстік.

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 2:0

Гол авторлары: Маркос Пиззелли, 24-минут; Силва Рейналдо, 66-минут.

Ескерту қағазын алғандар: Саят Жұмағали, 33-минут; Антон Шурыгин 49-минут; Руслан Валиуллин, 82-минут («Ақтөбе») — Павел Шабалин, 61-минут («Ертіс»).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (қақпашы), Бағдат Қайыров, Виталий Волков (Руслан Валиуллин, 46-минут), Александр Симчевич (капитан), Саят Жұмағали, Саша Марьянович, Антон Шурыгин, Хрвое Милишевич, Силва Рейналдо (Абат Айымбетов, 84-минут), Ұлан Қонысбаев (Жамбыл Көкеев, 55-минут), Маркос Пиззелли.

«Ертіс»: Никита Калмыков (қақпашы), Дмитрий Шмидт, Александр Кислицын, Илья Калинин (Владимир Воменко, 80-минут), Руслан Есімов​, Родриго Антонио, Дору Попадюк (Арман Смаилов, 86-минут), Павел Шабалин, Карлос Фонсека (капитан), Уго Секу, Абель Камара (Джон Чибуике, 54-минут).

26 қыркүйек 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 8000 адам. 

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ақжайық»-«Тобыл» — 0:1

«Атырау»-«Астана» — 0:1

«Қайсар»-«Қайрат» — 1:2

«Жетісу»-«Ордабасы» — 1:1

«Қызылжар СК»-«Шахтер» — 2:1

 

*   *   *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 14 кездесу өткізіп, 8 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 31:15 (+16). Ұпай — 28. Сырт алаңда 13 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 15:19 (-4). Ұпай — 14.

Маркос Пиззелли 18 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Адеринсола Эсеола («Қайрат») — 15 гол, Исаэль («Қайрат») — 10 гол.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 Команда                   О         Ж        Т         Ұт           Д       Ұп 

1.Астана                   26        20        4          2          52-14      64

2.Қайрат                   26        18        3         5          51-24      57          

3.Тобыл                    27        12        7          8          29-26      43

4.Жетісу                    27        10        7         10         31-33      37

5.Ақтөбе                    27        11        9          7          46-34      36

6.Ордабасы               27        10        5          12        31-40      35

7.Қайсар                    27        7          11        9          25-28      32

8.Ақжайық                27        7          8          12        29-36      29

9.Атырау                   26        7          7          12        26-39      28

10.Қызылжар СК      27        8          3          16        23-42      27

11.Шахтер                 26        5          9          12        21-31      24

12.Ертіс                     27        6          5          16        22-39      23

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 18 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Силва Рейналдо — 6;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Хрвое Милишевич — 1;

Абат Айымбетов — 1;

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

*   *   *

28-тур ойындары 30 қыркүйек, жексенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» Алматыда «Қайратпен» кездеседі.

«Қайратпен» 31 наурызда өткен 3-турда өз алаңымызда тең ойнап (1:1), Алматыда 31 мамырда өткен 13-турдағы кездесуде 2:3 есебімен ұтылып қалған болатынбыз.

Басқа кездесулер:

«Ертіс» (Павлодар) — «Атырау» (Атырау)

«Қызылжар СК» (Петропавл) — «Қайсар» (Қызылорда)

«Шахтер» (Қарағанды) — «Ақжайық» (Орал)

«Астана» (Астана) — «Жетісу» (Талдықорған)

«Тобыл» (Қостанай) — «Ордабасы» (Шымкент)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button